1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкент қаласы ПД-ның бастығы Қайрат Дәлбеков басшылық және жеке құрам қызметкерлерімен №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүлдіршіндер арнайы келген тәртіп сақшыларын қазақы киіз үйде орналасқан қолөнер көрмесіне апарып, кейін мәжіліс залында мерекелік концерт қойды. Салтанатты шарада балалар үйінің басшысы Әлия Бектемисова сөз сөйлеп, бүлдіршіндерді меншікті мейрамында назарсыз қалдырмағаны үшін полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Жігіттерді спортқа баулып, ел қорғайтын мықты азаматтарды тәрбиелеу мақсатында спорт үйірмесі ашылғанын арта тартып, онда қоян-қолтық ұрыс әдістерін үйрететін жаттықтырушы бар екенін атап айтты. Өз кезегінде жас спортшылар білетіндерін ортаға салып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Сөз кезегін алған, мегаполистің бас полицейі балаларға ізгі тілегін айтып, оларға арналған сый-сияпаттарды табыс етті.