18+

Түркістан облысында ЖҚЕ бұзған қоғамдық көлік жүргізушілері анықталды

фото: polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру мақсатында “Автобус” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Рейд кезінде тәртіп сақшылары автобустардың техникалық жай-күйін, қоғамдық көлік жүргізушілерінің медициналық тексеруден өтуі мен тіркеу құжаттарының болуын тексерді.

“Автобус” іс-шарасының нәтижесінде жолаушылар көлігінің жүргізушілеріне қатысты жол қозғалысы ережесін бұзудың 900-ге жуық дерегін анықтады. Оның ішінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу – 132, техникалық байқаудан өтпеу – 130, автокөлікті заңсыз қайта жабдықтау – 27, рейс алдындағы техникалық байқаудан және медициналық байқаудан өтпеу – 28, көлікті басқару кезінде телефонды пайдалану – 243, маневр жасау қағидаларын бұзу – 156, белгіленген жылдамдықтан асып кету – 22, ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзу бойынша 44 дерек анықталды.

Сонымен қатар Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларға сапар барысында жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.