Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры Түркістан облысы Созақ ауданындағы Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесін толық қайта жаңғырту жобасын іске қосты. Жобаның жалпы құны 200 миллион теңгеден асады. Жұмыс алты ай ішінде аяқталады.
Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесінің алғашқы нысаны XVIII ғасырдың ортасында бой көтерген. Қазіргі сәулеттік келбеті XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басына жатады. 2006 жылы кесене ескі іргетасының орнына күйдірілген кірпішпен қайта тұрғызылған. Құмкент ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан бұл ескерткіш Созақ өңірімен біте қайнасқан, халықтың тарихи санасында ерекше орны бар нысан.
Кесене «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» мемлекеттік бағдарламасы аясында елдегі 100 ұлттық қасиетті орынның қатарына енгізілген. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жобаны 2026 жылғы ғылыми-реставрациялық жоспарға енгізді. Реставрация жұмыстары аккредиттелген компания дайындаған және Түркістан облысы мәдениет басқармасымен келісілген ғылыми-жобалық құжаттама негізінде жүргізіледі.
Жоба аясында кесенемен қатар маңайындағы инфрақұрылым, оның ішінде қонақүй, асхана және қараушының үйі де жөндеуден өтеді.
2016 жылы Тимур және Динара Құлыбаевтар негізін қалаған Halyk қоры қоғамның тұрақты дамуына бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.
Қордың білім, спорт және экология салаларын қамтитын 200-ден астам жобасы бар. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларды қолдап, төтенше жағдайларда көмек көрсетеді.
Соңғы он жылда әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 90 млрд теңге бөлініп, еліміздегі ірі қайырымдылық ұйымдарының біріне айналды.