18+

Түркістан облысында заңсыз айналымнан 350-ге жуық трамадол таблеткасы тәркіленді

фото: polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымының жолын кесу жөнінде жедел-профилактикалық іс-шаралар шеңберінде трамадолды заңсыз сақтауға және өткізуге қарсы іс-қимыл бойынша рейд өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәселен, Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Келес аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, трассалардың бірінде ВАЗ-2107 автокөлігін тоқтатты. Жедел уәкілдер автокөлікті, ондағы жолаушыны тексеру кезінде 200-ден астам трамадол таблеткасын тауып, тәркіледі. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі тәулік ішінде Сарыағаш және Келес аудандарында трамадол препаратын заңсыз сақтау мен сатудың 7 дерегі анықталды. Полицейлер заңсыз айналымнан 350-ге жуық психотроптық таблетка тәркіледі.

Бұл жайттар ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) мен ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.