10 сәуірден бастап Түркістан облысының полицейлері “Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардан сатып алу” акциясын өткізіп жатыр. Полицейлер облыс тұрғындарына тіркелмеген қаруларды өткізіп, сыйақы алуға болатындығын жіті түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нәтижесінде тәртіп сақшыларына 11 тәулік ішінде 61 азамат өз еркімен 87 отты атыс қаруын тапсырды. Оның ішінде 74-і тегіс ұңғылы болса, 13-і ойық кіші калибрлі мылтық. Сондай-ақ 700-ден астам оқ алынды. Қазіргі уақытта мылтықтарға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Қарудың техникалық жай-күйіне байланысты комиссия отырысы барысында азаматтарға ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылданады.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға акция барысында заңсыз сақтаудағы қару-жарақ пен оқ дәрілерді ақшалай өтемақыға тапсыруға шақырады. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.