18+

Түркістандық полицейлер заңсыз аңшылықпен айналысқандарды анықтады

фото: polisia.kz

Отырар аудандық полиция бөлімінің табиғатты қорғау тобының қызметкерлері, қоршаған ортаға, ондағы жасыл-желек, аң-құсқа залал келтірушілерді анықтау мақсатында, тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шараларды өткізіп келеді. Осы мақсатта жүргізілген жұмыс барысында отырарлық полицейлер кезекті заңсыздықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәселен6 кешкі сағат 21:35 шамасында полицейлер мен қорықшылар Жаңа Шілік ауылының мал жайылымдық алқабынан күмәнді ВАЗ 2121 көлікті байқап, тоқтатады. Тексеру кезінде көліктен жергілікті үш тұрғын анықталды. Сондай-ақ олардың әрқайсысынан аңшылық қару табылды. Ал көліктің жүк салғышынан атып алынған 16 дана қаз бен 4 дана үйрек құсы табылып, тәркіленіп алынды.

Тәртіп сақшылары олардың қаруларын тексеру кезінде құқық бқзушылықты анықтап, ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы) бойынша хаттама толтырды.

Сондай-ақ үш ер адамның заңсыз аңшылығына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы (Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидалаларын бұзу) бойынша ескерту берілді.

Қазіргі таңда айғақты зат ретінде алынған құстар, мемлекеттік зообаққа құстың нақты қай түріне жататынын анықтау мақсатында жіберілді.